Білім

Петропавлда IQanat олимпиадасының 2-ші кезеңі өтті

Ауыл балалары білім додасында бақ сынады. Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында ауыл балаларына арналған IQanat олимпиадасының 2-ші кезеңі өтті. Оған 1-ші кезеңнен өткен 300-ден астам 8-сынып оқушысы қатысты.

ЗУХРА ШЕГЕНОВА, IQanat қорының академиялық директоры:

—Біздің мақсатымыз – ауыл балаларын қолдау, олардың білімін арттыру. Бүгінгі сайыс жақсы өтіп, ұл-қыздар өздерін жақсы көрсетеді деп ойлаймын.

Қатысушылар логикалық ойлау, метематикалық және оқу сауаттылығы бойынша тапсырмалар орындады. Сонымен қатар, ағылшын тілінен және бір таңдау пәнінен емтихан тапсырады. Таңдау пәндері: математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география. Есіл ауданының Мектеп ауылынан келген Ақтілек Абдулла математика пәнін таңдап отыр. Осы пәнді шемішкедей шағатын бұрымды бұл кезеңнен де оңайлықпен өтетініне сенімді.

АҚТІЛЕК АБДУЛЛА, Мектеп негізгі мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:

— Мен бұл олимпиадаға біраз уақыт дайындалдым. Бірінші кезең аса қатты қиын болған жоқ. Осы жолы да жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын.

Жалпы, ел көлемінде 2-ші тур қорытындысы бойынша мың финалист анықталады. Олар республикалық кезеңде бақ сынайды. Ал соңғы турдан өткендер Бурабайдағы IQanat мектебінде тегін оқу мүмкіндіне ие болады. Сондай-ақ, 3 жылдық білім беру қолдауы ұсынылады. Оның ішінде ҰБТ, халықаралық емтихандарға және тағы басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетіледі.

 

Мәдина Қаби