Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында – премьера

Облыстық қуыршақ театрында Наурыз мейрамы қарсаңында балаларға арналған ерекше жобаның шымылдығы түрілді. «Алдар көсенің дүрбісі» атты жаңа қойылым көрерменге ұсынылып, халық ертегісінің кейіпкері тың қырынан бейнеленді. Мейіржан Әлібековтың пьесасы негізінде сахналанған туындыда ұлттық болмыс пен заманауи көзқарас үйлесім тапқан. Сахналық шешімдер, музыкалық көркемдеу мен кейіпкерлердің мінезі арқылы балаларға түсінікті, әсерлі әлем құрылған.

Қойылымның басты ерекшелігі – интерактивті формат. Сахна мен көрермен арасындағы шекара жойылып, балалар оқиға желісіне тікелей араласады. Олар әртістермен бірге ұлттық ойындарға қатысып, сахналық қимылдарды қайталап, би билейді. Осы арқылы қойылым тек тамашалайтын дүние емес, балалардың белсенді қатысуымен өтетін мәдени шараға айналған.

АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

— Биылдан бастап біз жаңажылдық ертеңгіліктер сияқты Наурыз мейрамы қарсаңында балаларға арналған таңертеңгіліктерді де қолға алып жатырмыз. Бұл – бір жағынан қазақ тілін насихаттау, қазақтың ұлттық ойындарын қайта жаңғырту, ұмыт болған салт-дәстүрлерді дәріптеу.Әр жылы біз белгілі бір тақырыпты таңдаймыз. Биылғы тақырыбымыз – Алдар көсе. Бұл кейіпкер балалардың да, үлкендердің де санасында қалжыңбас, тапқыр, кейде айлакер тұлға ретінде сақталған. Сондықтан биыл біз басымдықты ұлттық ойындарға беруді жөн көрдік.

Шығармашылық ұжым қойылымды кең аудиторияға бейімдеуді мақсат еткен. Сондықтан спектакль екі тілде жүргізіліп, мазмұны барынша қолжетімді етіп құрылған. Сахнада 10 актер өнер көрсетіп, әрқайсысы кейіпкер бейнесін айқын ашуға күш салған. Қуыршақ пен актер ойынының үйлесуі балалардың қызығушылығын арттырып, қойылымның динамикасын күшейтеді.

Ұйымдастырушылар бұл жобаны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Мұндай қойылымдар арқылы балалардың театрға қызығушылығы артып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрметі де қалыптасады.

Жангельді Жамалиев