СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Алқалы жиында өткен жыл сараланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді. Шара шымылдығын қала әкімі Серік Мақсұтұлы ашып, атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Есептік кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сурдо-аудармашылар да жұмыс істеді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

—  Былтыр Петропавлдағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 651 млрд 200 млн теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырған 33 пайызға көп. Негізгі үлес өндеу өнеркәсібіне тиесілі.

2025 жылы Петропавлда 215 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 187 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 15 көшенің автожолы жөндеу көрді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

—  Құрылыс жұмыстарының көлемі 108 млрд теңгеден асып жығылады.

Қала әкімінің есебінен кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Алқалы жиын барысында қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Жақсылықов өзекті мәселені көтерді.

БОЛАТ ЖАҚСЫЛЫҚОВ, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

— “Қызылжар” халықаралық әуежайы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Бірақ, облыс орталығынан әуежайға қатынайтын автобус жоқ. Таксидің бағасы өте қымбат. Осы мәселе неге шешімін таппай келеді?

Серік Мұхамедиев аталған мәселе 2027 жылы өз шешімін табатынын атап өтті. Шаһар басшысына келесі болып сұрағын қала тұрғыны Ботагөз Төлегенова қойды. Ол – 3-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматша. Дәлірек айтсақ, тілінде кемістігі бар. Нәзікжанды 3-ші топтағы зағип жандар үшін де автобус тегін болғанын қалайды. Сонымен қатар, мемлекет атынан баспана алғысы келеді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Бүгін немесе ертең қалалық әкімдікке келуіңізді сұраймын. Баспана мәселесін жан-жақты талқылайық. Петропавлда әлеуметтік осал топтағы жандар үшін көпқабатты үйлер салынуда. Сізге қандай құжат жинау қажет екенін түсіндіреміз. Ал автобус жайлы айтатын болсам, бұл менің қолымда емес. Біз тек заң аясында жұмыс істейміз.

Сұрақ-жауаптан кейін мінберге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шығып, өңірдегі атқарылған жұмыстармен бөлісті. Қазіргі таңда облыста 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылы аймақта 338 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Биыл аталған межеден асып түсу жоспарланып отыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

—  2025 жылы облыстағы барлық елді мекендер таза ауыз сумен қамтылды. 1100 шақырымнан астам жол жөнделді. Маңызды іске 90 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Алдағы уақытта Петропавлға триатлон саябағын, жаңа футбол стадионын және көпфункционалды спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз.

Әр сала жан-жақты қамтылып, халықтың мәселелеріне тікелей жауап берілген жиын 3 сағатқа созылды. Оған 400-ден астам адам қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет