Базарлар мен вокзалдар, құрылыс нысандары мен фермерлік шаруашылықтар, фастфуд павильондары және өзге де нысандар полицияның ерекше бақылауында. Көші-қон қызметінің мамандары шетел азаматтарының елде болу заңдылығын, еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаттарының бар-жоғын тексереді. Жұмыс «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізілуде.
Жыл басынан бері полицейлер облыс аумағында көші-қон заңнамасын бұзудың 3 жарым мыңға жуық фактісін анықтады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін 10 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды.
ЖІБЕК БҰРБАСОВА – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
— Жедел-профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері шетел азаматтары мен қабылдаушы тұлғалардың көші-қон заңнамасы талаптарын сақтауын бақылауды күшейтті. Елде заңсыз болу, уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыру, сондай-ақ шетел азаматтарының келуі туралы уақытылы хабарламау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылады.
Бүгінде облыста барлығы – 11 мыңға жуық шетел азаматы тұрады, оның 6 мыңнан астамы – тұрақты негізде, қалғаны – ТМД елдерінің азаматтары болып саналады, олар уақытша тұруға рұқсат алған.