СҚО әкімдігі

Ауылдық округ әкімі мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған

Облыстық мәслихатта әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында ең бірінші болып Тимирязев ауданына қарасты Тимирязев ауылдық округі әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Мақсат Нұрикенов мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған. Бұны аудандық прокуратура анықтаған. Қадағалау органы ұсынған дерекке сәйкес округ басшысы 4 млн теңгеге 100 мың көшет сатып алған. Бірақ тауардың толық мәліметі ұсынылған құжаттары жоқ.

ДИАНА САЛҒАРИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:

— Ауылдық округ әкімі 2025 жылдың қараша айында “Жасыл орман” ЖК қылқан жапырақты ағаш тұқымының 100 мың көшетін мемлекеттік сатып алу бойынша келісім шарт жасасқан. Бірақ тауарды техникалық сипаттамасыз және сәйкестігін растайтын құжаттарсыз қабылдаған. Сонымен қатар, аудандық прокуратура көшеттердің талаптарға сәйкес келмейтіндігін анықтаған. Атап айтар болсақ, олардың сабақтары қисық, бүршіктері толық қалыптаспаған және зақымданған.

Жиын барысында құқық бұзды деп айыпталған аудандық округ әкіміне сөз кезегі берілді. Ол өз уәжін айтып, ақталуға тырысты.

МАҚСАТ НҰРИКЕНОВ, Тимирязев ауылдық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

— Бұндай тауарды алғаш рет сатып алдық. Прокуратура ұсынған мәліметтерден кейін ғана оның арнайы паспорты болуы тиіс екенін білдік. Бұдан соң біз тауарды жеткізушімен сөйлестік, олар кеш болсын бірақ паспортты жіберді.

Қос тарапты да тыңдаған әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Мақсат Нұрикеновке бірауыздан ескерту беру туралы ұсыныс білдірді. Кейін кеңес мүшелері екінші мәселеге тоқталды. Бұл жолы Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Ташева әдеп нормаларын бұзды деп айыпталды. Оған себеп Қызылжар ауданындағы мектептердің біріндегі педагог мемлекеттік қызмет істері департаментіне өтініш тастаған.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

— Мектеп оқытушысы Бақытжан Ташеваға қатысты тиісті шара қабылдау туралы өтініш тастаған. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметкер ұстазды менің балама қол көтерді, моральды-психологиялық тұрғыда қысым жасады деп айыптаған. Педагог фото, аудио, видеоматериалдар ұсынды. Бақытжан Ташеваның мектепке қызметтік автокөлікпен келгені әрі өзін орынсыз ұстап, әдепсіз қылықтар танытқаны анықталды. Осылайша Әдеп кодексінің 6-шы тармағы, 1,4,5,8-ші тармақшаларының талаптары бұзылғанын байқауға болады.

Мемлекеттік қызметкер Бақытжан Ташева өз кезегінде мардымды жауап бере алмады. Тиісінше кеңес мүшелері оған қатаң ескерту жариялау туралы ұсыныс білдірді.

Ұлан Ыдырыс