Бүгін Петропавлда «Ұлттық Рух» облыстық ұлттық ойындар байқауы өтті. Ауқымды шара ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі ойындардың маңызын сіңіруге бағытталды.
Байқауға облыс орталығы мен аудандардан келген 7 команда қатысты. 11-13 жас аралығындағы оқушылардан құралған топтар өзара бақ сынап, әр кезеңде өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын, дәлдігі мен төзімділігін көрсетті. Әр қатысушы бар күш-жігерін салып, жеңіске деген ұмтылысын танытты. Сонымен қатар, жарыс барысында командалық бірлік, өзара қолдау және ұйымшылдық ерекше байқалып, жас спортшылардың жауапкершілігі мен ынтымақтастығы байқалды.
ПОЛИНА ЛОГВИНКОВА, қалалық №7 орта мектептің оқушысы:
— Біз бұл іс-шараға шамамен екі апта дайындалдық. Бізде арнайы кабинет бар, сол жерде дайындалып, дартс, асық ату және бес асық ойнадық. Сабақ барысында да команда болып ойнауға жаттықтық.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды және әр кезең өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Асық ату мен бес асық ойындарында қатысушылардың мергендігі мен ептілігі сынға түссе, ләңгі тебу мен арқан тарту кезеңінде олардың жылдамдығы мен шыдамдылығы байқалды.
САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
— Бұл байқау Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Оның басты мақсаты – жас және өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оларды болашаққа сеніммен қарауға тәрбиелеу. Сонымен қатар, іс-шара қатысушыларды дене шынықтыру мен спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Ал үздік нәтиже көрсеткен командалар жүлделі орындарға ие болып, өздерінің дайындық деңгейі мен табандылығын дәлелдеді.
Жангельді Жамалиев