Мәдениет

Шаңырақ күні: Облыс әкімі көпбалалы отбасыны мерекемен құттықтады

Шаңырақ – қазақ мәдениетінде отбасы жылуының, өзара түсіністік пен ұрпақтар бірлігінің айқын белгісі. Сағандықовтар отбасы – осы құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға үлгі етіп келе жатқан әулеттердің бірі. Мереке күні оларды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев құттықтады. Өңір басшысы отбасы мүшелеріне амандық пен бақ-береке тілеп, мұндай жанұялар қоғам үшін әрдайым үлгі екенін атап өтті.

Сағандықовтар отбасы облыс орталығында 10 жылдан бері тұрып келеді. Бұл – үлкен әрі тату жанұя. Ерлі-зайыптылар 9 бала тәрбиелеп өсірген. Айман Құзбайқызы І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Ал ерлі-зайыптылардың отасқанына биыл 57 жыл толып отыр.

Айман Құзбайқызының айтуынша, берік отбасының негізі – жауапкершілік, еңбекқорлық және бір-біріне деген құрмет. Ерлі-зайыптылардың сөзінше, дәл осы қасиеттер олардың шаңырағында көп жылдар бойы татулық пен үйлесімді сақтауға септігін тигізген.

Әр жолы – мейлі ол отбасылық мереке болсын, не жеке жетістік болсын – бұл шаңырақта барлығы бір дастархан басына жиналады. Мұнда ұрпақтарды өзара құрмет, сүйіспеншілік және ортақ құндылықтар біріктіреді.