Құқық қорғау органдары

Петропавлда героин өткізді деген күдікпен 39 жастағы ер адам ұсталды

Петропавлда есірткі сатумен айналысты деген күдікке ілінген 39 жастағы ер адам ұсталды. Ол Жұмысшы кентінде құрықталған. Кейін оның тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізіліп, нәтижесінде шамамен 75 грамм героин табылды. Бұл заң бойынша аса ірі мөлшерге жатады. Тергеу барысында күдікті есірткіні елордадан жеткізгенін айтқан. Медициналық сараптама бойынша күдіктінің зиянды затты өзі де қолданған. Оның ағзасынан опиоидтар анықталған. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті бұған дейін де ұрлық және есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша сотталған. Ол енді 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, бұл – облыста биылға героинге қатысты анықталған бірінші жағдай. Ал қаңтар айынан бері полицейлер 39 есірткі құқықбұзушылығын тіркеп, заңсыз айналымнан 1600 грамнан астам түрлі зиянды зат анықтады. Оның 900 грамы – синтетикалық есірткі.