Мәдениет

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да отбасы құндылығына негізделген іс-шара өтті

Бүгін – елімізде “Наурызнама” тұжырымдамасы аясындағы 4-күн. Бұл – Шаңырақ күні. Қазақ халқы үшін бұл сөздің мағынасы зор. Ол жай ғана үйдің төбесі емес, әулеттің бірлігін көрсететін ұғым. Сол себепті аты айтып тұрғандай аталмыш мереке отбасы құндылығына негізделген. Осы орайда М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабырғасында іс-шара өтті. Оның барысында білім ордасының студенттері арнайы спикерлермен әулет, жанұя бірлігін нығайту жайында әңгіме өрбітті.

ДІЛБАР БЕГАЛИНА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ ҚХА кафедрасы ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі:

— Бұл іс-шараның мақсаты – туыстық байланыстың маңыздылығын арттыру. Сонымен қатар оны қолдау, құрмет, адамның тұлға болып өсіп жетілуіне әсер ететін жүйе ретінде қарастырамыз.

“Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі демекші”, ұлттың тәрбиесі отбасыдан басталады. Бұл – Илья Кушнирскийдің пікірі. Ол – АҚШ азаматы. Илья Петропавлға сонау Нью-Йорк қаласынан келіп, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қос дипломдық бағдарлама бойынша білім алып жатыр.

ИЛЬЯ КУШНИРСКИЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Қазір мен “Психология және педагогика” кафедрасында 1-ші курсында оқимын. Қос дипломдық бағдарлама бойынша Аризона кампусында білім аламын. Жалпы, Қазақстанда отбасы құндылығы жақсы дәріптеледі, туыстар арасындағы қарым-қатынас тығыз. Сонымен қатар баланың өмірінде ата-ананың рөлі жоғары, сыйластық сақталады. Ал АҚШ-та ондай дүниені байқамадым, әке-шеше мен бала бір-біріне әріптес сияқты.

Айта кетейік, сонымен қатар іс-шара барысында студенттер спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Ұйымдастырушылар Наурыз онкүндігі аясында осы сынды шараларды жиі ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 

Ұлан Ыдырыс