Қоғам

Қыстан бері Петропавлдан 850 мың текше метр қар шығарылды

Петропавлда қар шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Маңызды іс су тасқынының алдын алуға бағытталған. Коммуналдық қызметкерлерге көмекке Қорғаныс министрлігіне қарасты 99275 әскери бөлімінің сарбаздары келді. Қар тазалау жұмысымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов танысты. Ол маңызды іс жүріп жатқан Жұмысшы кентінің тұрғындарымен тілдесті. Жауапты мамандарға тапсырма берді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

—  Қыстан бері Петропавлдан 850 мың текше метр қар шығарылды. Алда қауырт кезең келе жатыр. Табиғи апат орын алмас үшін жауапты шаруа жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, суағарларды тазалау жұмыстары да белсенді атқарылуы қажет.

Көшелерден жиналған ақпа ұлпа арнайы полигондарға шығарылады. Осы ретте қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов тұрғындарға үндеу жасады.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, қалалық ПБ бастығы:

— Құрметті қала тұрғындары! Сіздерден көліктеріңізді көше бойына қоймауларыңызды сұраймын. Себебі, бұл қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіреді. Түсініктікпен қарайсыздар деп ойлаймын.

Жұмысшы кентінің тұрғындары биыл қар тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгенін атап өтті. Петропавлда қар тазалау жұмыстарымен 9 серіктестік айналысады. 170 техника жұмылдырылған. Жауапты мамандар күні-түні аянбай еңбек етуде.

 

Нұрасыл Ахмет