Қоғам

Келлеровка ауылын қардан арылту

Тайынша ауданында қар шығару жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жағаны жайлауға жібере алмаймыз. Мұндағы ауылдарға тасқын мен қызыл су қаупі төніп тұр. Солардың қатарында жүздеген үй түтін түтетіп отырған Келлеровка бар.

ЕРЖАН ХАМИТОВ, Келлеровка ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

— Көктемнің басында түскен қар коммуналдық ұйымдардың қызметін күрделендірді. Қосымша техника тартылды. Соның арқасында демалыссыз еңбек етіп отырмыз. Біздің міндет – бірде-бір адамды қиындыққа душар етпеу.

Бүгінге дейін Келлеровка ауылынан мың жарым текше метрден астам қар шығарылды. Қос көше тазартылған. Енді кезекте – Молодежный. Бұндағы үйлерге су кіру қаупі жоғары саналады.

СӘУЛЕ ЖОЛДЫБАЙҚЫЗЫ, Келлеровка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

— Келлеровканың Молодежный көшесінде тұрамын. Жылда қалың қар түседі. Кеше аудан әкімі Берік Ақылжанұлы келіп, қарап кетті. Бүгін бәрін тазалап жатыр. Алғысымды білдіремін!

Бірде көктемнің лебі, бірде қыстың ызғары сезіледі. Әлі өңірде күн айтарлықтай жылынған жоқ. Осы кезеңді қар тазалаушылар тиімді пайдаланғандары жөн.

Жаннұр Бектұрғанова