Облыстық ауруханаға қарасты кардиологиялық орталықта баспасөз туры өтті. Журналистерге мекеменің жай-күйі мен талай адамға жәрдем берген дәрігерлердің жұмысы таныстырылды. 1-ші рентген кабинеті. Мұнда ақауды анықтау мақсатында науқасқа коронарография жасалып жатыр. Көп уақыт өтпей құны 400 мың теңге тұратын диагностикалық әдіс аяқталды.
ДӘУРЕН ҚОЖАБЕК, СҚО кардиологиялық орталықтың интервенциялық кардиологы:
— Науқасымыздың қан тамырлары таза болып шықты. Бұл кісінің шағымы – ентігу. Мұндай жағдай тамырдың анатомиялық ерекшелігіне байланысты туындап отыр. Қысым көтерілгенде тамырлар қысып тұр.
Енді кардиологтар қажетті дәрі-дәрмек тағайындайды. Препараттар ауырсынуды бәсеңдетпек. Ал бұл – 1-ші кардиологиялық бөлімше. Мұнда операцияға дейінгі және кейінгі науқастар ем қабылдайды. Кейбіріне жас маман Айдана Есенберлиева жауапты.
АЙДАНА ЕСЕНБЕРЛИЕВА, СҚО кардиологиялық орталықтың кардиолог дәрігері:
— Қазіргі жағдайы қалыпты. Науқас бізге осыдан 3 күн бұрын жүрек тұсындағы ауырсыну шағымымен түсті. Дұрыс дәрілерді тағайындаудың арқасында қан қысымы қалыпты нормаға келді.
Мария Хоменко жақында коронарографиядан өтеді. Ол дертке шипа тапқан дәрігерлердің жұмысын жоғары бағалады. Науқастарға сапалы көмек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында көрсетіліп жатыр. Аталған ұйыммен ондаған мекеме келісімшарт жасасқан. Сол бойынша емдеу орындарына қаржы бөлінеді.
АМАНЖОЛ НҰРТАЗИН, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы:
— 2025 жылы қор 52 мекемемен келісім жасады. 74,6 млрд теңге бөлінді. Ал биыл 44 мекемемен шартқа отырды, қаржы көлемі 79,1 млрд теңгені құрайды.
Былтыр облыстық ауруханаға 19,5 млрд теңге бөлініпті. Қомақты қаржының 4 млрд-қа жуығына 3 жарым мыңнан астам кардиология бағытындағы операция жасалған. Яғни, мыңдаған адам сапалы көмек алды, өмірін жалғастыру мүмкіндігін иеленді.
АМАНЖОЛ НҰРТАЗИН, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы:
— Өткен жылы онкоскрининг МӘМС жүйесіне енгізілді. Қазір азаматтар скринингтер мен арнайы тексерулерді МӘМС аясында өте алады. Осы тексерулердің арқасында жүрек және басқа да аурулар анықталып жатыр.
Сапалы медициналық көмек әр адамға қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін тұрғындардың барлығы жүйеде “сақтандырылған” мәртебесіне ие болуы міндетті.
Байболат Құлтанов