“Qyzyljar” креатив орталығында “Digital Nauryz” атты стартаптар форумы өтті. Шарада №5-ші орта мектеп оқушылары өздерінің дайындаған жаңа бизнес-идеяларын таныстырды. Басты мақсат – ұл қыздардың шығармашылық және креативті ойлау қабілеттерін дамыту.
КҮЛІМКӨЗ СМАИЛОВА, №5 орта мектебінің директоры:
— “Адал азамат” бағдарламасының аясында “Smart Bala” деген бағыт бар. Ол балалармен стартап, қаржылық сауаттылық, бизнес-идеяларын іске асыру сияқты жобаларды қамтиды. Қазіргі таңда оқушылар арасында стартап ойлап табу үлкен қызығушылыққа ие.
Қазіргі таңда елімізде технология қарқынды дамып келеді. Қазақстан цифрлық сала бойынша әлемдік аренада үлкен беделге ие. Бұның бәрі жастардың жемісі. Солардың бірі – Михаил Урсатий. Ол – AERONORM стартапын ойлап тапқан жас. Оның ерекшелігі – мектептегі ауа сапасын жақсарту.
МИХАИЛ УРСАТИЙ, қалалық №5 орта мектептің оқушысы:
— Менің ойлап тапқан жобам бу арқылы микроклиматты жақсартуға бағытталған. Мысалы, кеңсе немесе мектеп ғимараттарында ауа алмасуы нашар жүреді. Ол оқушылардың, жұмыскерлердің оқу, еңбек ету ынтасына кері әсер етеді. Денсаулыққа зиянын келтіреді. Осындай стартап арқылы сол мәселені шеше аламын деп ойлаймын.
Айта кетейік, стартап – мәселені креативті шешуге негізделген жаңа идея. Бүгінде әлемге әйгілі Youtube, Instagram платформалары алғашқыда шағын стартап болған. Теріскейлік жастарға қолдау болса, таңқалдырарлық дүниелер төрткіл дүниеге таралуы әбден мүмкін.
Жаннұр Бектұрғанова