2025 жылы еліміздегі балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтті. Қазіргі таңда ата-аналар ұл-қыздарын балабақшаға орналастыру үшін арнайы сайт арқылы ваучер алу қажет. Сол бойынша балаларын өздері таңдаған мекемеге бере алады. Бұрынғыдай кезекке тұру деген түсінік жоқ, таңдау құқығы пайда болды. Бірақ, порталдағы келісімшарт мерзімі 28-ақпанда аяқталған. Салдарынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жүрген жекеменшік балабақшаларды қаржыландыру тоқтатылған. Соңғы екі айдың ішінде ақшалары толық аударылмаған. Аталған өзекті түйткіл бойынша балабақша меңгерушілері облыстық Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
ТАТЬЯНА АНДРОНОСОВА, “Колокольчик” балабақшасының меңгерушісі:
— Екі ай қатарынан коммуналдық төлемдер бойынша қарыз жиналды. Интернет пен телефон өшіп жатыр. Электр қуатын ажырату туралы ескертулер келуде. Жалақы кешіктірілген соң тәжірибелі деген педагог жұмыстан шығып кетті. Тәрбиешілер болмаса, балалармен кім жұмыс істейді?
“Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы” облыстық филиалы мамандарының сөзінше, ваучерлік қаржыландыру бойынша келісімшарттар СҚО, Қызылорда, Түркістан, Астана, Алматы қалаларында жасалмаған. Мектепке дейінгі мекемелердің ақшадан қағылуына тағы бір себеп бар.
ГҮЛБАРШЫН БАЙМҰХАМБЕТОВА, қалалық білім бөлімінің экономисі:
— Қаржыландыру процесі өте қиын жүрді. Қаңтар айында балабақшалардың 80 пайызына ғана ақша жіберілді. Қалғаны қаржыларын 4-ақпанда алды. Неге екенің білмеймін, “Қаржы орталығында” бюрократиялық кедергілер орын алуда. Орталыққа арнайы хат жолдадық.
Маманның сөзінше, білім бөлімі тиісті қаржыны балабақшаларға аударған. Мәселені шешу үшін жекеменшік балабақшалар қайта мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшарт жасасуы тиіс. Айта кету керек, Петропавлда 16 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар.
Нұрасыл Ахмет