Жезқазғанда жергілікті “Ұлытау” мен петропавлдық “Қызылжар” арасында матч өтті. Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2-туры аясындағы ойын 1 де 0 есебімен аяқталды. Осылайша, солтүстікқазақстандық ұжым кезекті кездесуде жеңіске жетіп, 3 ұпайды қоржынға сала алмады. Еске сала кетейік, алғашқы турда “Қызылжар” ақтаулық “Каспийді” 2 де 1 есебімен қапы қалдырған болатын. “Қарасай” стадионында камбэк жасап, жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізген еді. Ендігі қарсылас – павлодарлық “Ертіс”. Көршілеріміз наурыздың 20-сы күні Петропавлға “қонаққа” келеді. Бұл кездесу күндізгі 3-те басталады.