Петропавлдағы Ақан сері атындағы облыстық филармонияда қайырымдылық концерт өтті. Өнер кеші ауыр дертке шалдыққан филармония солисі әрі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ театрының актері Махамбетәлі Әбілданы қолдауға арналды. Көпшіліктің жүрегін жаулап үлгерген сахна саңлағы қазір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Оған қаржылай қолдау қажет.
БОТАГӨЗ АҚМАҒАМБЕТОВА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры:
— Ол – өте дарынды кісі. Петропавлдың атынан көптеген халықаралық байқауға қатысып, өңіріміздің атын шығарған. Қазір осындай ауыр халге түсіп отыр. Сондықтан, әріптестері мен жанашыр қала тұрғындары көмек білдіріп, осындай концерт ұйымдастырылып жатыр.
Кеш барысында сахна төрінде өңірдің әншілері мен әртүрлі би ұжымдары өнер көрсетті. Залда ине шаншатын жер болмады. Бұл – қолдаудың айқын белгісі. Теріскей жұрты тағдырдың тәлкегіне ұшыраған талантты елеусіз қалдырмайды.
— Оған тек денсаулық тілейміз. Барлығы жақсы болады деп сенеміз.
— Қажетті қаражатты жинаймыз деп үміттенемін. Өнерімен тағы да көрермендерді бір қуантсын.
Айта кетейік, 26 жастағы өнерпаз қазір Түркияда ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оған көздің сирек кездесетін дерті – тор қабықтың пигменттік абиотрофиясы диагнозын қойған. Күрделі ота қажет. Оның құны 5 млн теңге тұрады.
Жаннұр Бектұрғанова