Мәдениет

Қаланың бас көшесіндегі думан! Қызылжарда Көрісу күні кең көлемде атап өтілді

Қызылжарда Көрісу күні кең көлемде атап өтілді. Бұл күні барша қазақстандықтар қыстан қысылмай шыққандарына қуанып, әз-Наурызды тойлауға қамданады. Жиналған көпшілік бір-бірінің хал-жағдайын сұрап, жылы лебізін білдірді.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— Көрісу күні – қазақтың ең көне мерекелерінің бірі. Бұл кезеңде күн жылынып, ауа райында түрлі өзгерістер орын алады.

Мереке биыл ерекше форматта тойланды. Жүздеген адам жиылып, қаламыздың бас көшесімен думандатып жүріп өтті. Әрқайсысы ұлттық киімдерін киіп келген. Өнер ұжымдары бас көшенің бойында рух көтерер әндерді шырқады. Сценарий бойынша оларды 500 метр сайын өзге ауылдың тұрғындары күтіп алады. Бұл күні ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды. Өңір тұрғындары бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. Ауыл тұрғындары бір-бірімен қауышып, алыстан ат терлетіп келе жатқан жандарға дәм ұсынды. Көрісу күнін тойлауға келген жұрт бас алаңда тоғысты. Шара барысында ел ағасы Тілек Әбдірахманов қызылжарлықтарға ақ батасын берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл күн – қазақ халқының сан ғасырлық мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарының көрінісі. Еліміз әрқашан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен.

Өңір халқы көктемнің келгеніне қуанышты. Наурыз мейрамын асыға күтіп жүр.

 

Нұрасыл Ахмет