Мәдениет

Әдеби қауымдастық өкілдеріне арнайы стипендия табысталды

С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Туған жер – талант пен шабыттың бесігі» атты салтанатты әдеби кеш өтті. Бұл шара өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың әдеби қауымдастық өкілдеріне арналған стипендиясын табыстау рәсіміне арналды. Кешке аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысып, қаламгерлерге құрмет көрсетті.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Бүгін сөз өнерінің, шығармашылық пен шабыттың мерекесіне жиналып отырмыз. Бұл басқосу әдебиет әлеміне қадам басып, алғашқы туындыларымен оқырман назарын аударта алған қаламгерлерді қолдауға арналған.

Шара барысында облыс әкімінің стипендиясы әдебиет саласының дамуына үлес қосып жүрген қаламы қарымды бірнеше адамға табысталды. Атап айтқанда, Зарқын Тайшыбай, Жақсыбай Самрат, Нұргүл Оқашева, Сағындық Рахымжан және Ирина Матвеева марапатқа ие болды. Бұл – өңір әдебиетінің өркендеуіне қосылған еңбектің жоғары бағалануының айқын көрінісі.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:

— Облыс әкімінің сыйлығын алып отырмыз, қуаныштымыз, біздің еңбегімізді бағалап жатқандарынакөп рақмет. Мұндай сыйлықтар жас жазушыларға да берілсе, оларды ынталандырса деген ойым бар.

Кештің көркемдік мазмұнын музыкалық нөмірлер толықтырды. Әсем ән шырқалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шара соңында ұйымдастырушылар қонақтарға алғыс білдіріп, әдебиет пен өнер әлемінде биік белетестерді бағындыруды тіледі.

 

Жангельді Жамалиев