НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Біз қазір Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында тұрмыз. Мұнда №662 референдум учаскесі орналасқан. Сағат таңғы 7:30 болғанына қарамастан адамдар дауыс беруге келіп жатыр, келіп жатыр. Олардың ішінде өңірге танымал спортшылар да бар.
Референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып жерлес кикбоксшы Аслан Асылбеков келді. Ол – 5 дүркін Әлем кубогының иегері. Чемпион саяси науқандардан қалмайды. Ел тағдыры шешілетін маңызды шараларға қатысуды азаматтық борышым деп санайды.
АСЛАН АСЫЛБЕКОВ, кикбоксингтен 5 дүркін Әлем кубогының иегері:
— Жастар референдумға бейжай қарамай, елде болып жатқан оқиғалардан хабардар болуы тиіс. Сонымен қатар, референдумға келіп, міндетті түрде өз дауысын беру керек деп санаймын. Біз осы арқылы ел тағдырын шешеміз. Саяси науқандарға қатысу – отансүйгіштіктің белгісі.
Айта кету керек, №662 референдум учаскесіне 1600-ден астам адам тіркелген. Іште 6 адамнан тұратын комиссия мүшелері отыр. Мамандар келгендерді қабылдайды, негізгі ережелерді түсіндіреді. Қандай да бір сұрақтар қойылса, жауап береді.