Sailau banner

СҚО әкімдігі

Перинаталдық орталықтағы нәзікжандылар таңдау жасады

Петропавл қаласындағы №625 референдум учаскесі перинаталдық орталықта орналасқан. Мұнда 1170 азамат тіркелген. Олардың арасында болашақ және жақында ғана сәбиін құшағына алған аналар бар. Елена Паюсова наурыздың 11-і күні тұңғышын өмірге әкелді. Бүгін қызы екеуі дауыс берген. Бұл күн, бұл сәт мәңгі есте қалады.

ЕЛЕНА ПАЮСОВА, Шал ақын ауданының тұрғыны:

— Бұл – расында да тарихи сәт. Қызыммен бірге референдумға қатысамын деп ойламадым. Біз заман ағымынан қалмай, алға ұмтылып, дамуға тиіспіз. Қазіргі жағдайыма қарамай дауыс беруді жөн көрдім. Бұл – менің міндетім, маңызды іске өз үлесімді қоса алғаныма өте қуаныштымын. Еліміз дами берсін, тек бала қызығын көрейік.

Комиссия мүшелері дауыс беру барысын бақылауда ұстады. Ең бастысы – тәртіп пен заң талаптарының сақталуы. Келушілер үшін кіреберісте референдумға қатысу ережесі ұсынылған.

ЗОЯ СТРЕЛЯЕВА, №625 референдум учаскесінің комиссия төрағасы:

— Таңғы 8-ге дейін шамамен 90 адам дауыс берді. Тұрғындар біртіндеп келіп жатыр. Біз қалыпты режимде жұмыс істеп жатырмыз. Ешқандай бұзушылық анықталған жоқ. Бұл таңдау болашақ ұрпақ үшін маңызды.

Айта кету керек, қазіргі таңда перинаталдық орталықта 49 нәзікжанды жатыр. Олардың барлығы референдум учаскесі жабылғанша дауыс бермек.