Петропавлдағы №595 референдум учаскесінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов дауыс берді. Аймақ басшысы тура 9-да таңдау жасап, жерлестерімізді қатарға қосылуға шақырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Баршаңызды бүгінгі референдуммен құттықтаймын. Референдумға отбасыммен келіп, дауыс бердім. Біздің еліміз, болашақ және балалар үшін жасалған қадам. Әр адамның дауысы маңызды.
Саяси шарадан солтүстікқазақстандық жастар қалыс қалып жатқан жоқ. Дәл өңір жетекшісі дауыс берген уақытта Сәбина Ермекқызы да ортадағы жәшікке қолындағы парақты тастады. Бұл – бойжеткен таңдау жасаған алғашқы саяси шара. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көптің арасынан табылған жас жерлесімізге алғыс білдіріп, ақиық ақын Мағжаның кітабын табыс етті.
ҚАНАТ СӘДУАҚАС, №595 референдум учаскесінің комиссия төрағасы:
— Біздің учаскеге 1290 адам тіркелген. 10 пайызы дауыс беріп үлгерді.
Референдум учаскесінде үлкен де бар, кіші де бар. Барлығы кешегі “Жеті жарғының” жалғасы саналатын тұғырлы Ата заңымызды қабылдау үшін келіп отыр. Міндет ортақ, мақсат айқын. Кейбір жандар тарихта қалатын дауыс беру кезінде Ғауез Нұрмұхамбетовпен суретке түсіп, тілдесіп те жатты.