Sailau banner

Денсаулық сақтау

Үкімет Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті

Үкімет еліміздегі медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Құжат деректерге, цифрлық құралдарға, жасанды интеллект технологияларына негізделген медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың және басқарудың заманауи үлгісіне көшуге бағытталған. Бұл туралы премьер-министрдің ақпараттық ресурсында жазылды. Жоспар медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде жақсартуға, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі шараны жүзеге асыруды қамтиды. Құжатта жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты анықталған.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай медициналық қызметтер сапасының негізгі көрсеткіштерін жақсарту көзделіп отыр. Сапаны басқару жүйесіне цифрлық трансформация жүргізіледі. Атап айтқанда, профилактикалық бақылау жүйесін енгізе отырып, сарапшының автоматтандырылған жұмыс орны құрылып, лицензиядан кейінгі бақылау процестері цифрландырылады. 2028 жылдан бастап ТМККК және МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарды міндетті аккредитациялау талабын енгізу, сондай-ақ аккредитациядан кейінгі мониторинг жүргізу ісін цифрландыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, медициналық көмектің сапасын басқару процестерінде медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту көзделген. Кәсіби бірлестіктер сапаны тәуелсіз сараптауға және мамандардың клиникалық ойлауын бағалауға тартылады. Сонымен қатар пациенттерді қолдау қызметін цифрландыру азаматтардың өтініштеріне нақты уақыт режимінде жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

Құжатта жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты анықталған:

медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеуші құралдарды жаңғырту;
жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, сапа сараптамасының жаңа моделін қалыптастыру және Ұлттық сапа институтын құру;
кәсіби медициналық қоғамдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
сапаны басқару жүйесінің цифрлық трансформациясы.