Жерлес спортшылар ел чемпионатынан олжалы оралды. Тараз қаласында жуырда 15 пен 23 жас аралығындағы ұлдар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты өтті. Жарысқа біздің облыстан 20 палуан қатысып, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Спортшыларды туған-туыстары мен жолдастары теміржол вокзалынан күтіп алды.
Өңір намысын 20 палуан қорғаса, соның 5-еуі жүлделі орынға ие болды. Спортшылардың айтуынша, жарыс оңайға соққан жоқ. Себебі, елдің барлық өңірінен мықты палуандар жиналған. Жалпы, байрақты бәсекеде 500-ден астам күресші бақ сынады. 14 жастағы Райымбек Жақсылық жеңімпаз атанды. Ол 41 келі салмақ дәрежесінде 5 кездесу өткізіп, барлығында басым түскен.
РАЙЫМБЕК ЖАҚСЫЛЫҚ, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы:
— Күреспен айналысып жүргеніме 7 жыл болып қалды. Қарсыластарым өте мықты дайындалған.
“Бұл жеңіс бір күндік жұмыстың нәтижесі емес. Бұл талай жыл бойы төгілген тердің нәтижесі”,- дейді облыс бойынша грек-рим күресінен жаттықтырушы Мәди Қаленов. Бапкер спортшылардың дайындық деңгейі жоғары болғанын атап өтті.
МӘДИ ҚАЛЕНОВ, грек-рим күресінен облыс жаттықтырушысы:
— Балаларым жылдар бойы дайындалып келеді. Солтүстікте ең жақсы дамыған спорт түрінің бірі – грек-рим күресі. Жыл сайын спортшыларымыз чемпионатта жақсы өнер көрсетеді.
Әлемдік чемпионатта теріскейлік қос спортшы бақ сынайды. Біреуі Райымбек Жақсылық болса, екіншісі – Рауан Бекімов. Дүбірлі дода мамыр айында Вьетнамда өтеді.
Мәдина Қаби
