Sailau banner

СҚО әкімдігі

Мәслихат депутаттарының III республикалық форумына облыстан 70-ке жуық халық қалаулысы қатысты

Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен мәслихат депутаттарының III республикалық форумы өтті. Саяси шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 2 мыңға жуық халық қалаулысы қатысты. Алқалы жиын барысында Президент мәслихат биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл тұрғыда мәслихаттардың алдында тұрған миссия айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.

Еліміз қарыштап дамуы үшін ауылдық елді мекендерге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Президентің сөзінше, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруі тиіс. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 млрд теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 млн теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш.

Форум орталық пен аймақты біріктіріп, өзекті мәселелер талқыланған алаңға айналды. Оған облысымыздан 70-ке жуық мәслихат депутаты қатысты. Солардың бірі – Ербақыт Амантайұлы. Халық қалаулысы алқалы жиыннан мол тәжірибе жинақтаған.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты:

— Форумнан мол мағлұмат алдым. Өзге өңірлерден келген әріптестеріміздің қалай жұмыс істеп жатқандығын көрдік.

Жиын барысында мемлекет басшысы бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн деді. Ербақыт Амантайұлы Президенттің бұл бастамасын қолдайды.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты:

—  Кез келген ауыл, аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын мәслихат депутаттары жақсы біледі. Форумға мемлекет басшысының қатысуы елеулі оқиғаның бірі болды.

Айта кету керек, елімізде 3400-ден астам мәслихат депутаты бар.

 

Нұрасыл Ахмет