Петропавлдағы 17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Оның барысында ұл-қыздар биыл Дубай қаласында өткен халықаралық UAE SWAT Challange жарысында бірінші орын алған арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы Дарина Білденовамен жүздесті.
— Полицияға 2019 жылы қызмет етуге келдім. Басында “102” операторы болып жұмыс істедім”, “2021 жылдан бастап жедел әрекет ету жасағына келдім.
Кейін Дарина Білденова ұл-қыздарға неге полиция қызмектері болуды таңдағанын әрі бұл саланың қиындықтары мен артықшылықтарын баяндады.
ДАРИНА БІЛДЕНОВА, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы:
— Бала кезімнен полицей болуды армандадым. Әкемнің жұмысының қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін көріп өстім. Әрқашан адамдарға көмектескім келіп тұрады. Әкем қызметін учаскелік полиция инспекторы ретінде бастап, кейін жедел уәкіл болып жұмыс істеді, майор шенінде зейнетке шықты.
Жиынға мектептегі «Жас сақшы» сыныбының оқушылары да қатысты. Білім ұясының жетекшісі Ләззат Жалмұқанованың сөзінше, мұндай шаралар бүгінгі жас – ертеңгі маман иелерінің дұрыс кәсіп таңдауына ықпал етеді дейді.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
— Бүгінгі кездесуге 6-7-сынып оқушылары келіп отыр. Полицейлер балалардың қатысуымен саптық дайындық өткізіп, қойған сұрақтарына жауап берді. Оқушылардың қуанышында шек жоқ. Мұндай шаралар болашақ маман тәрбиелеуде аса маңызды деп санаймын.
Айта кетейік, аталмыш іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Жаннұр Бектұрғанова
