Sailau banner

СҚО әкімдігі

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жетеді

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңдеу өнеркәсібінің жекелеген секторларын дамытудың алдын ала нәтижелері қаралды. Биылғы жылдың алғашқы екі айында елімізде азық-түлік пен сусын өндіру айтарлықтай өскен. Азық-түлік өндірісінің көлемі 665 млрд теңгеге жетіп, жоспарланған көрсеткіштен жоғары болды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өсім 112% шамасында болады деп күтілуде. Сусын өндірісі де артқан. Қазір оның көлемі 175,4 млрд теңгені құрап отыр.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімін өндіру көлемі – 3,9 трлн теңге. Бұл 2024 жылғы деңгейден 8,1%-ға жоғары. Биыл бұл көрсеткішті 4,7 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өсім егіс алқабын әртараптандыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, ішкі нарықты қорғау және жаңа инвестициялық жобалар есебінен іске асырылады. Осы факторлардың қосымша үлесі шамамен 600 млрд теңгеге бағаланады. Бұл ағымдағы жыл соңына қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Одан бөлек, елімізде кейбір азық-түлік өнімдерінің өндірісі алдағы уақытта арта түседі. Мысалы, шикізат көлемі көбейгендіктен күнбағыс майы өндірісі 890 мың тоннаға дейін өседі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 100 млрд теңгеге көп өнім деген сөз. Сүт саласында да өсім күтіледі. Жылына 2,4 млн тонна сүт өңделіп, шамамен 35 млрд теңгенің қосымша өнімі өндіріледі. Сауда саласында да ауқымды өзгерістер бар.

— Биыл қаңтар-ақпан айларында жалпы сауда айналымы 9,7 трлн теңгеге жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,9 трлн болған. Әсіресе азық-түлік саудаларын сату 22 пайызға өскен. Бұл бағытта ең жоғары өсім Түркістан, Алматы, Атырау, Ақтөбе облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатуда Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облысы алда келеді.

Талқылау қорытындысы бойынша вице-премьер салалық министрліктерге өндірісті кеңейтуге және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жүктеуге әсер ететін кедергілерді жою үшін көтерілген мәселелерді пысықтауды тапсырды.

 

Жангельді Жамалиев