Биыл “Алаш” қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толды. Ұлт көсемінің мерейтойына орай облыстық кітапханада жиын өтті. Жазушы Жақсыбай Самраттың сөзінше, қазақтың нар тұлғасының қалам тербеп, зерттемеген саласы жоқ. Халықтың жан-жақты дамуы үшін көп ізденген. Оның пайдасын мыңдаған адам көріп отыр.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:
— Әлихан Бөкейхан Ресейде білім алған. Білім ордасын “Экономика” мамандығы бойынша тәмамдады.
Жер, тіл, адам құқығы мен әділдік және қазақтың тұтас тәуелсіздігі. Әлихан Бөкейхан осы қасиетті ұғымдар үшін күресті. Сол үшін талай тауқымет тартып, сол жолда жанын қиды.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:
— 1917 жылы патша үкіметі құлады. Сол сәтте ел халқы бытырап, не істерлерін білмеді. Қиын қыстау кезде Әлихан Бөкейхан оларға жол сілтеді, “Алаш” партиясын құрды.
Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері жастарға Әлихан Бөкейхан жайлы мол ақпар берді. Мына отырған ұл-қыздар ұлт көсемінің ерліктері жайлы біледі. Үлгі алады, ешқашан ұмытпайды.
ЖАСМИН ШОРМАН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Шарадан мол ақпар алдым. Жастар ұлт көсемінің ерлігін жадында сақтауы қажет.
Тәуелсіздің үшін жанын қиған Әлихан Бөкейхан 10 жыл үй қамақта отырған. Өкінішке қарай, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, ұлт көсемі бастаған Алаш қайраткерлерінің есімі, ерлігі, еңбегі әлі де насихатты қажет етеді.
Нұрасыл Ахмет
