МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— Алдағы жексенбі күні өтетін жалпыұлттық референдумда әр қазақстандық дауыс беруі тиіс. Сол үшін учаскелер жабдықталып жатыр. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға таңдау жасау бұрыштары арнайы талап бойынша әзірленуде.
Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіндегі №646 референдум учаскесінде 2 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасайды. Олар – Бірлік, Солнечный шағын аудандарының және Борки кентінің тұрғындары. Қазір байқаушылар облыс орталығындағы референдум учаскелерінде жабдықталуына мониторинг жүргізіп жатыр.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихат депутаты:
— Референдумға аз ғана күн қалды. Сол себепті, біз референдум учаскелеріне мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде де, басқа референдум учаскелерінде де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалған.
Учаскеде дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған. Бұл жерге өздері келіп қалауын білдіретін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар мен ыңғайлы өту жолдары қарастырылған. Мамандардың айтуынша, бұл жерге тіркелген сайлаушылардың ішінде 13 кембағал адам бар. Олардың 9-ы үйден дауыс беруге өтініш берген.
АЛЕКСАНДР БОЧАРОВ, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ СҚОФ мүшесі:
— Бұл қағазда референдумның маңыздылығы туралы жазылған. Мен даладағы тақтаны да Брайль әліпбиінің көмегімен оқып көрдім. Арнайы жолақпен де жүрдім. Барлығы дұрыс. Еш олқылық жоқ. Әзірге 4 референдум учаскесінде болдық. Әлі тағы да басқа жерлерге барамыз.
Референдум күні Петропавл қаласында 97 референдум учаскесі жұмыс істейді. Тұрғындар таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады.
Мәдина Қаби
