Sailau banner

Білім

Петропавлда “Digital Qazaqstan Battle” республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті

Петропавлда “Digital Qazaqstan Battle” республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Оған аудандық және қалалық сайыстарда жеңіске жеткен тапқырлар қатысты. Конкурстың өзіндік мақсаты бар – цифрлық тың жобаларды анықтау және әрі қарай дамуына қолдау көрсету. Қазылар әр бағдарламаның қоғам үшін тиімділігіне, инновациялық әлеуетіне және нарықтағы даму мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

МИЛАН ӘЛКЕШЕВ, “SKO Hub” орталығының менеджері:

— Жарыс жеңімпазы республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды. Ол 27-наурыз күні Шымкентте өтеді. Жүлде қоры – 19 млн теңге. Мұндай шаралар аймақтарда цифрлық технологияларды дамытуға мүмкіндік береді. Біз бір орында тұрып қалмай, заман игіліктері арқылы әлемдік бәсекеге қабілетті болуымыз қажет.

Байқаудың талаптары жайлы баяндайық. Қатысушыларға 3 минут берілді. Осы уақыт ішінде бас жүлдеден үмітті әр жерлесіміз өз жобасы жайлы қысқа да нұсқа түсіндіріп беруі тиіс. Қазылар қойған сұрақтарға да жауап беруі міндетті. Ерболат Алпысбаев – мемлекеттік қызметші. Ол осыдан 1 жыл бұрын педагогтердің жұмысын жеңілдетуге арналған бағдарлама ойлап тапқан. Тың жобаны жүзеге асыруға 2 ай уақыты кетіпті.

ЕРБОЛАТ АЛПЫСБАЕВ, байқауға қатысушы:

— Жасанды интеллект көмекшісі мұғалімдерге сабақ жоспарын жасауға және күнделікті аз уақыттың ішінде толтыруға мүмкіндік береді. Маған 4 айдың ішінде 500-ден астам педагогтен бағдарламаны сатып алуға ұсыныс түсті.

Ал Даниял Абуов – Қозыбаев университетінің студенті. Тапқыр жас былтыр “inCampus” атты бағдарламаны ойлап тапқан. Бүгінде оның пайдасын 6 мыңнан астам студент көріп жүр.

ДАНИЯЛ АБУОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— “inCampus” арқылы студенттер сабақ кестесін, оқу үлгерімін және емтихандардың уақытын көре алады. Сонымен қатар, ұл-қыздарды университетте өтетін іс-шаралардан хабардар етеді. Бағдарламаны құрастыру үшін 3 ай уақыт жұмсадық. Көп іздендік, оқытушылардың зор көмегі тиді. Басшылықтың арқасында қаржылай көмек те алдық.

“Digital Qazaqstan Battle” республикалық байқауы осымен 5-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Білгірлер бәйгесінің биылғы облыстық кезеңіне 6 азамат жолдама алған.

 

Нұрасыл Ахмет