Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Өңір полицейлері еріксіз дропперге айналып кетпеудің жолдарын түсіндірді

СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тәртіп сақшыларымен кездесті. Мұндай жиындар тұрақты түрде өтеді. Кездесу барысында полиция департаменті қызметкерлері азаматтарға интернет-алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдерін таныстырды. Себебі, қаскөйлер арам пиғылдарын сан түрлі әдіс арқылы іске асырады. Олар әртүрлі ведомство қызметкері болып хабарласуы мүмкін.

Сонымен қатар, кездесу барысында тәртіп сақшылары бөгде біреуден келіп түскен ақша аударымдарының қаупі туралы ескертті. Себебі қылмыскерлер кез келген адамға ірі сомада ақша аударып, кейін қателесіп кеттім деген жалаумен қаражатты басқа картаға жіберуді өтінеді. Бейтаныс адамдардың талабын орындасаңыз, қылмыскерлердің сыбайласы, яғни дроппер болып шыға келесіз. Мұндай жағдайда банкке жүгініп, белгісіз жаннан түскен ақшаны пайдаланбайтыныңызды және оны сол адамға қайтаруды сұрауыңыз қажет.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ – СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

— Алаяқтардың қармағына әсіресе қызметтегі жандар жиі ілінеді. Сонымен қатар, қаскөйлер зейнет жастағы адамдарды таңдайды. Сондықтан бұл ақпаратты оларға да жеткізуіміз қажет. Осы орайда полицейлер өңірдің еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде профилактикалық әңгімелесулер өткізеді.

Айта кетейік, облыста жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 110 фактісі тіркелді. Алданып қалған жандардың арасында 20-дан астам зейнеткер бар.

 

Ұлан Ыдырыс