Облысқа транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мүшелері келді. Білікті мамандар жергілікті ақхалаттылармен кездесіп, ағза донорлығы тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл – қазіргі қоғамда жиі талқыланып жүрген өзекті мәселе. Біреу құптайды, біреуі қарсылық білдіреді. Дегенмен әлемде, оның ішінде елімізде мүшеге зәру жандардың саны артуда. Орталық мамандары берген статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 4500-ге жуық адам ағза донорын күтіп отыр. Оның 80 пайызы бүйрек трансплантациясына мұқтаж.
ҚАЙРАТ ИМАНБАЕВ, ҚР ДСМ транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың бөлім басшысы:
— Қайтыс болған адамның мүшесін алу үшін туыстарынан рұқсат алу қажет. Бірақ, қазіргі таңда тұрғындар ағза доноры болғысы келсе, “Egov” порталы арқылы өтінім бере алады.
Былтыр елімізде қайтыс болған 20-ға жуық адамның ағзасы 60-тан астам жанның өмірін сақтап қалды. Қазіргі таңда елімізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек және ұйқы безі трансплантацияланады. Өңірде ағза донорлығы бойынша оталар жасалмайды. Бірақ, ақхалаттыларымыз аталған бағыт бойынша жан-жақты білім алуда.
ӘДІЛХАН ҚАБДУОВ, өңірлік трансплантациялау координаторы:
— Былтыр облыста 2 адам өз ағзасын беруге рұқсат етті. Олар 10 мұқтаж жанның өмірін сақтап қалды. Бүгінгі шара біз үшін өте маңызды. Мол мағлұмат алдық.
Сандарға сүйенсек, облыста 100-ден астам адам ағза донорлығына мұқтаж.
Нұрасыл Ахмет
