Sailau banner

СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды

Көктемгі тасқынға дайындық жұмыстары пысықталды. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов іс сапарымен Шал ақын ауданында болды. Алдымен аймақ басшысы облыстық маңызға ие “Повозочное-Баян-Архангелка” автожолының бойында аялдап, су өткізгіш құбырды тексерді. Оны салуға 45 млн теңге жұмсалған. Мердігер – “Гранит-Север” серіктестігі.

Кейін Ғауез Торсанұлы ат басын Сергеевка қаласына бұрды. Аудан орталығының маңында кәріз суы төгілетін тоған салынбақ. Жоба құны – 744 млн теңге. Маңызды жоспарды іске асыру үшін облыстық мәслихатқа арнайы қаржы бөлу туралы өтінім жіберілген. Іске аймақ басшысы оң баға берді. Сонымен қатар, өңір жетекшісі Сергеев су қоймасының жағдайымен танысты. Гидротехникалық торап қазір 97 пайызға толып тұр.

Тасқын өңірдегі бір ғана ауданда күтілмейді. Ондаған ауылға кіру қаупі бар. Табиғи апатқа тосқауыл қою жұмыстары арнайы отырыста қаралды. Жиынға Ғ.Мүсірепов, Есіл, Айыртау, Тимирязев және Шал ақын ауданының әкімдері қатысты. Алдағы баяндамашы – жергілікті басшы Қайрат Омаров. Ол жанар-жағармай, инерттік материалдар қоры дайындалғанын айтып өтті.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданының әкімі:

— Қазіргі таңда Шал ақын ауданында 8 елдімекенді су басу қаупі бар. Тәуекел аймағына 221 адам тұратын 95 үй кіреді. Оның ішінде Сергеевка қаласындағы баспаналар да бар. Апаттың алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, кіші Торанғұл көлінің жағасын таспен бекіттік. Сонымен қатар, ұзындығы бір жарым шақырымды құрайтын каналды тазарттық. Бұл жұмыстарға 83 млн теңге жұмсалды, нәтижесінде мектеп пен 31 баспанаға су кіру қаупін жойдық.

Жиында әрбір ауданның басшысы баяндама оқыды. Алдын алу жұмыстарымен танысқан Ғауез Нұрмұхамбетов тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтты. Әкімдер мен басқарма басшылары қауіпке жан-жақты дайындалу керек. Ерігін қар суының жайылуы, кіші өзендердің көтерілу бойынша тиісті шараларды уақытында жүргізген абзал.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Барлығыңызға тапсырмалар берілді. Мақсаттар айқындалды. Халықта “Өрт пен су – тілсіз жау” деген сөз бар. Тасқын айтып келмейді. Сондықтан жедел шараларды ерекше бақылауға алуды тапсырамын.

Жоспар бойынша қауіпті аудандарға төтенше жағдайлар департаментінің топтары жол тартады. Тиісті құралдармен жабдықталған мамандар тасқын қатері сейілгенше жіберілген аумақтарда болады.

 

Ұлан Ыдырыс