Солтүстік Қазақстан облысында таяқ тастам жердегіні көрмейтін боранның беті бері қараған сияқты. Тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар қызметі өкілдеріне оңайға соққан жоқ. Тұрғындар есік алдында әрең жүргенде, олар далада жауапты міндетті атқарды. Мамандар бетті пышақша тілетін дүлей желде қар құрсауында қалған техниканы шығарды, адамдарға жәрдем берді.
ДӘУРЕН ТӘУБАЕВ, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
— Өткен тәулікте департамент күштерімен 14 авариялық-құтқару жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 58 адам құтқарылды, оның ішінде 10 бала бар. Қар құрсауынан 19 бірлік техника шығарылды. Жылыту пункттеріне 194 адам орналастырылды, олардың 14-і – бала.
Қиын жағдайда қалған адамдарды уақытша орналастыру үшін облыс аумағында жылыту және эвакуациялық 387 пункт дайындалған. Оларда төсек-орын жеткілікті. Мұндай бекеттер алдағы уақытта да қажет болуы мүмкін.
ДӘУРЕН ТӘУБАЕВ, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
— Қыс мезгілінде жылыту пункттері, ал алдағы су тасқыны кезеңінде эвакуациялық пункттер тұрақты бақылауда ұсталады. Бұл пункттерде қабылданған адамдарға жатын орын, ыстық тамақ және қажетті көмек көрсетіледі.
Ауа райы кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Егер шалқадан түсірер жел соқса, жолдар жабылады. Мұны тұрғындар ескеріп, жолданатын хабарламаларға назар аударуы тиіс. Ал егер діттеген жерге жетпей қиындыққа тап болса, 112 нөміріне хабарласу ұсынылады.
Жангельді Жамалиев
