Sailau banner

Білім

Облыста жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды

Қазіргі таңда жоғары сынып оқушыларының көбі өз қалауын, қандай мамандық таңдарын білмей жатады. Соның салдарынан мамандық таңдаудан қателеседі. Жоғары оқу орнын аяқтағанымен жаны қалайтын жұмыс таба алмайды. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыста жаңа кәсіптік бағдар беру жобасы іске қосылды.

ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, “SKO Hub” орталығының менеджері:

— Статистика бойынша, облыста 3500-ге жуық бос жұмыс орны бар. Жастарымызды өңірде алып қалуымыз керек. Жоба аясында біз мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіптік бағыт-бағдар береміз. Қазіргі таңда қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін айтамыз. Сонымен қатар, IT- саласына ерекше көңіл бөліп, түрлі цифрлық технологиялардың мүмкіншіліктерімен таныстырамыз.

Жоба аясында оқушылар мен студенттер “Қызылжар” креатив орталығының тыныс-тіршілігімен танысады. IT- саласындағы білікті мамандардан тәлім алады.

ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, “SKO Hub” орталығының менеджері:

— Шараның “Қызылжар” креатив орталығында өткізілуі тегіннен-тегін емес. Мұнда заманауи хореографиямен, дизайнмен, бағдарламалаумен және тігіншілікпен айналысуға болады. Тапқыр жастар үшін таптырмас орын. Айта кету керек, түсіндіру жұмыстары тегін жүргізіледі.

Серік Ордабек – Қозыбаев университетінің студенті. “Ақпараттық технологиялар” мамандығы бойынша білім алады. Бұрын-соңды “Қызылжар” креатив орталығына келіп көрмеген. Ол орталықтың мүмкіншілігін жоғары бағалады. Мұнда тұрақты түрде келіп тұратынын жеткізді.

СЕРІК ОРДАБЕК, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Цифрлық ақпараттарды өңдеуді үйреніп жүрмін. Болашақта бұл табысты маман болуыма зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Креатив орталығына келу арқылы тың жобаларды жүзеге асыруға болады.

Айта кету керек, шара әр сәрсенбі күні өткізілетін болады. Ұйымдастырушылар тағылымы мол шараларға ауыл жастарын да шақыруды жоспарлап отыр.

Нұрасыл Ахмет