Sailau banner

Мәдениет

Күйші Дина Нұрпейісованың туғанына – 165 жыл

Бұл – қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың “Науайы” атты туындысы. Шығыс мәдениетімен тоғысқан үлкен мазмұнды күйді Дина Кенжеқызы өмірінің соңғы жылдарында шығарған. Тума талант иесінің дүниеге келгеніне биыл 165 жыл толып отыр. Осыған орай И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан жиын өтті.

АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері:

— Дина Нұрпейісова шығармашылық еңбегі үшін Қазақстанның Халық әртісі атағын алды. Ол шығармаларын адамның мінез-құлқына, келбетіне қарай жазған.

Бүгінгі жиынға солтүстікқазақстандық күйші Серікбай Құсайынов та қатысып отыр. Ол кезінде Динаның шәкірті Ғылман Әлжановтан тәлім алған екен. Айтуынша, Дина Нұрпейісова күй тартқанда оның өнеріне сүйсіне қарамаған жан болмаған.

СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, күйші:

— Дина Нұрпейісова домбыра тартқан уақытта бір күйді бірнеше нұсқада орындаған. Талай күйшілер одан тәлім алып, күйлерін үйренген.

Дина Кенжеқызының шығармашылығы әлі зерттеуді қажет етеді. Оның “Бұлбұл”, “Әсем қоңыр”, “Жігер”, “Байжұма” сынды туындылары бар. Жиынға қатысушылар өскелең ұрпақ өнер иесінің күйлерін еш өзгеріссіз орындап, одан әрі насихаттала бергенін қалайды.

Мәдина Қаби