Ағымдағы жылы күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістердің бірі – көлік иелерінің жылжымалы мүлік үшін салықты аз төлеуі. Бұл жаңашылдық темір тұлпар тізгіндеген жандарды қуантқаны анық. Толығырақ баяндайық. Енді мемлекет қазынасына аударылатын ақша көліктің шыққан уақытына және қозғалтқыш көлеміне қарай тағайындалады.
НАТАЛЬЯ НЕКРАСОВА, СҚО бойынша МКД басқарма басшысы:
— Жаңа Кодекске сәйкес, пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автокөліктер үшін салықты 30%-ға азайтатын түзету коэффициенттері енгізілді. Өңірде мұндай мүліктің үлесі – 80%. Ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын көліктер үшін салық 50%-ға төмендетіледі. Аймақта осы санатқа енетін автомобильдердің үлесі 60% құрайды.
Назар аударуды қажет ететін тағы бір жайт бар. Қозғалтқыш көлемі 3-тен 4 текше литрге дейінгі, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке қойылған жеңіл автокөліктерге арналған салық мөлшерлемелері 3 еседен астам төмендетілді. Нақтылай түсейік. Қолданыстағы заңға сәйкес, тұлға шамамен 285 мың теңге төлейді. Енді бұл мөлшерлеме 65 мың болады.
НАТАЛЬЯ НЕКРАСОВА, СҚО бойынша МКД басқарма басшысы:
— Сонымен қатар, шаруа және фермер қожалықтарын қолдау мақсатында бұрыннан бар жеңілдіктерге қосымша ретінде, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл тұлғалар бір пикап автокөлігі үшін көлік салығын төлеуден босатылады. Айта кету керек, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға – ардагерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы аналарға – бір автокөлік бойынша салықтан босату жөніндегі қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Жеке тұлғалар үшін жыл сайынғы көлік салығын төлеу мерзімі өзгерген жоқ.
Жеке тұлғалар көлік салығын 1-сәуірден кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша бюджетке төлеуі тиіс. Сөз соңында маңызды мәліметпен бөлісеміз. Салыққа қатысты жаңа мөлшерлемелер тек келесі жылдан бастап қолданылады. Яғни, биыл қазынаға былтырғы көлемдегідей ақша аударылуы керек.
Байболат Құлтанов
