Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтарСпорт

Ғалия Алпысбаева: “Мен Ерболдай ұлыммен мақтанамын”

Қаңтардың 23-ші жұлдызы, Ақорда. Президент қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды. Бұл – дәстүрлі рәсім. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір жаһандық жарыс алдында толағайларды шығарып салады. Осы жолы Президенттің қолынан көк байрақты алу бақыты өзіміздің жерлесіміз Ербол Хамитовқа бұйырды. Бұл – Президент сенімі, бұл – иыққа артылған зор жауапкершілік. Ербол Хамитов Италияға күллі қазақ елінің намысын қорғауға аттанды. Паралимпиада ойындарының 4-ші жарыс күні. Шаңғышылар классикалық спринт бойынша 1500 м қашықтықта бақ сынады. Тартысты додада үкілеген үмітіміз сенімді ақтады. Ол мәреге 2 минут 29 секундта жетіп, қола жүлдеге қол созды. Бұл – ХIV қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына түскен алғашқы жүлде. Мойынға ілінген қола алтынмен пара-пар.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, ХIV қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері:

— Көк туды биікте желбіретемін деген арманым болды. Қола жүлде бұйырды. Қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын.

Жүлде Қазақстан халқына қуаныш сыйлады. Теріскей жұрты бөрікті аспанға атты. Ел мақтанышын аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Спортшымызға жаңа биіктерді бағындыруды, мықты денсаулық пен таусылмас жігер тілеймін! Оның жетістіктері жерлестерімізді және барша халқымызды шабыттандырып, үміт пен сенім сыйласын. Біз сенімен мақтанамыз, Ербол.

“Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде тақымын қысады” деген бар. Кеше Ерболдай ұлды өмірге әкелген Ғалия Алпысбаева қатты толқыпты. Шаңғышы мәреге жеткенше жанын қоярға жер таппаған. Ананың ақ батасы қабыл болды.

ҒАЛИЯ АЛПЫСБАЕВА, Ербол Хамитовтың анасы:

— Ербол хабарласып, қазір жарыс басталатынын айтты. Мен тікелей эфирден көрдім. Сайыс кезінде қатты қобалжыдым. Ал 3-ші орын алғанда қуанып, жылап жібердім.

ХIV қысқы Паралимпиада ойындары наурыздың 15-ші жұлдызында мәресіне жетеді. Әлі жүлде күтер жарыстар бар. Сайыстарда ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Владислав Кобаль және Сергей Усольцев сынды солтүсқазақстандықтар қорғайтын болады.

Байболат Құлтанов