Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Дүлей боран

СҚО-да ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар автожолда қозғалысқа шектеу енгізілді. Дүлей боран мен жолдың көріну деңгейінің төмендеуі жүргізушілер үшін қауіп төндіруде. Осыған байланысты жол-патрульдік полиция қызметкерлері тас жолдарда кезекшілікті күшейтіп, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өйткені, дәл осындай боранды күндері жол-көлік оқиғалары жиілей түседі екен.

АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ПД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

— Ауа райының нашарлауына, қатты жел мен боранға және көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесінде, сондай-ақ облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың бірнеше бөлігінде барлық көліктің жүруіне шектеу енгізілді. Жүргізушілерден елді мекеннен тыс жерлерге шықпауды, SMS-хабарламаларды қадағалап отыруды және жолда аса мұқият болуды сұраймыз.

Құтқару қызметі де тұрғындарға 112 нөмірінен келетін ескерту хабарламаларын елемеуге болмайтынын айтады. Мұндай ескертулердің қаншалықты маңызды екенін жақында болған оқиға да дәлелдейді. Семей қаласынан келген азамат Уәлиханов ауданының Жасұлан ауылына бағыт алған. Жолда келе жатып, Қарашілік ауылына жетпей оның автокөлігі бұзылып қалған. Дәл сол уақытта қатты аяз болып, боран күшейген. Соның салдарынан азамат жолын әрі қарай жалғастыра алмай, далада қалып қойған. Дегенмен, дер кезінде көмек көрсетіліп, азамат Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылына жеткізілді. Ол жерде екінші мектеп-интернатқа орналастырылып, төсен-орынмен және тамақпен қамтамасыз етілді.

Жангельді Жамалиев