СТЕНДАП: ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Бірнеше аптадан кейін үнсіз жатқан ерке Есіл үн қатады. Гүрілін білеміз, келтірер қаупі де көз алдымызда. Аймақтағы өзге өзен-көлдерден де қатер келуі мүмкін. Тағы еритін қар суы бар. Осыған байланысты қазір Солтүстік Қазақстан облысында бақылау шаралары аса күшейтілген. Бүгінде су айдындарындағы жағдайды 27 бекет хабарлап отырады.
Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін “Қазгидромет” мамандары сандарға сүйене отыра ақпарат ұсынады, болжам жасайды. Әзірге алаңдауға негіз жоқ. Көктем келгенімен өңірде қыстың ызғары бар. Суықтың әсерінен өзен-көлдердің беті ауыз толтырып айтарлықтай қатып жатыр.
ДӘУРЕН ҚОШЫҒҰЛОВ, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
— Кіші өзендердегі мұздың қалыңдығы – 14 пен 93 см аралығында, ал Есілдегі көрсеткіш 49 бен 74 см аралығын құрайды. Көпжылдық гидрологиялық деректерді талдау арқылы, жауын-шашын мөлшері, топырақтың қату тереңдігі мен ылғалдылық деңгейін ескере отырып, облыстағы қауіпті учаскелер 3 санатқа бөлінді. Ең қауіпті аймаққа Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары және Петропавл қаласы жатады.
Ал орташа қауіп деңгейі Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Тимирязев және Айыртау аудандарында сақталып отыр. Өзен-көлдердегі жағдай белгілі. Енді қызыл су жайлы айтайық. Аймақтың кейбір бөлігінде қар көп, қыстың ызғары сақталып тұрғанын ескерсек, әлі де жаууы мүмкін. Демек, ақ ұлпа күрт ерісе, әлекке салуы әбден ықтимал.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлімі басшысы:
— Екінші онкүндікте сынап бағанасы біртіндеп көтеріледі. Бастапқыда көрсеткіш түнде минус 18-23, тіпті 26 градусқа дейін жетеді. Кейін жылынады. Күндіз плюс 3 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Ал үшінші онкүндікте температура 8 градусқа дейін жоғарылайды. Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан көп. Әзірге осындай болжаммен бөлісе аламыз.
Айдың үшінші онкүндігінде жылы атмосфералық фронттары бар циклондардың өтуі болжанып отыр. Яғни, наурыздың соңында сақадай сай болу керек. Тасқын қаупін сейілту мақсатында өңірде биыл да мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Төтенше жағдайлар департаменті дерекпен бөлісті. Ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарында және Петропавл маңында дүмпулер наурыздың 16-сы мен 20-сы аралығында сезілмек.
Жангельді Жамалиев
