Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Табысты егін – дұрыс таңдалған тұқымнан

Петропавлда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арналған семинар өтті. Іс-шараны Қазақстан нарығында 10 жылға жуық табысты жұмыс істеп келе жатқан “НордАгроХим” серіктестігі ұйымдастырды.

НҰРЛАН ЖАЛБАҚОВ, “Норд Агро Хим” ЖШС қаржы директоры:

— Егін егу науқаны жақындап қалды. Соған орай диқандарға семинар өткізіп, қарабидай, күнбағыс, зығыр секілді дақылдарды щаруашылықта тиімді өсіруді үйретіп жатырмыз. Дақылдардың экономикалық тиімділігін салыстырып, фермерлерге дұрыс шешім қабылдауға көмектесеміз. Бұл дақылдар өңірде керемет нәтиже береді, біз мұнда еуропалық деңгейде мол өнім аламыз. Бағасы да қолайлы.

“НордАгроХим” компаниясы 2017 жылдан бері Солтүстік Қазақстан егіншілеріне сапалы тұқым жеткізіп келеді. Талай жыл нарық үздіктері аталған ұйым жылдан-жылға ауыл шаруашылығы ісіне жаңа шетелдік технологиялар енгізіп, жақсы нәтиже көрсетіп отырады. Мамандар білген-түйгенін диқандармен бөліседі.

АЗАМАТ САҒЫНДЫҚОВ, “Дайындық-Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

— Біздің шаруашылығымыз зығыр өсірумен айналысады. Бүгінгі семинардың атауы – “Зығырдың өсіру технологиясы”. Осы жерге тәжірибе алмасуға келдік.

Семинар барысында табысты шаруашылықтардың тәжірибесі көрсетіліп, тыңайтқыштарды қолдану мөлшері мен экономикалық тиімділігі талқыланды. Сонымен қатар, шетелдік ерекше технологиялар таныстырылды. Бұл ақпарат көктемгі егіс науқаны қарсаңында диқаншыларға нәтиже әкелетін таңдау жасауға ықпал етпек.

 

Мәдина Қаби