СТЕНДАП: ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
— Бүгін – Петропавлда футбол мерекесі. Бірер минуттардан кейін Қазақстан чемпионатының 1-ші туры аясында петропавлдық “Qyzyljar” мен ақтаулық “Caspiy” клубтары арасындағы кездесу басталады. Жұртшылық доп додасын сағынды. Күннің суығына қарамастан стадионға адамдар келіп жатыр. Осы орайда бүгінгі ойын жайлы жанкүйерлердің пікірін тыңдайық.
— Биыл маусым жақсы өтеді деп ойлаймын. Командаға сапалы, мықты ойыншылар келді. Бүгінгі ойында 4:0 есебі тіркеледі. Қызылжар жеңіске жетуі тиіс.
— Өткен жылдан бері “Қызылжарға” жанкүйермін. Биыл чемпионатта үздік 5 таласу болады. Бүгінгі ойында оңай жеңіс бұйырады деген пікірдемін.
Төреші белгі бергеннен кейін көптен күткен ойын басталды. Бірінші минуттардан-ақ ақтаулық ұжым өкілдері жерлестеріміздің апшысын қуыруға тырысты. Бұл өз жемісін берді. 10 минутта айып соққысынынан ұшқан допқа бірінші жеткен “Caspiy” клубының қорғаушысы Андре Амараль баспен гол соқты. Қақпаға гол жібергеннен кейін жерлестеріміз тез ес жинады. Сөйтіп таразы басын теңестіруге тырысып, шабуылдарын үдете түсті. Бірақ бұл сәтте “Caspiy”-де қарап қалмады, Піралы Алиев баптаған аяқдопшылар оқтын-оқтын қарсы шабуылға шығып, есепті еселеуге тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Осылайша 1-ші тайм 0:1 есебімен аяқталды. 2-ші кезең одан да қыза түсті. “Qyzyljar” шабуылда жақсы өнер көрсетіп 82 минутта Александр Соколенконың асырған добына шабуылдаушы Этьен Бугре бірінші жетіп қанжығасын майлады. Таразы басы теңесті, бұған шабыттанған Милан Чурчич шәкірттері қысымды одан сайын үдете түсті, бірақ 85-ші минутта Тимур Мульдинов тәртіп бұзғаны үшін екінші сары қағазын алып алаңнан қуылды. Сөйтіп, “Qyzyljar” ойынды 10 футболшымен жалғастырды. Бірақ бұл жеңісті жұлып әкетуге кедергі болмады, кездесу соңына қарай Глеб Валгушевтің пасын әдемі қабылдап, бір қорғаушыдан сытылып өтіп, Иоханнес Бьорталид гол соқты. Қорытынды есеп 2:1. Петропавлдық ұжым жеңіске жетті.
МИЛАН ЧУРЧИЧ, “Qyzyljar” ФК бас бапкері:
— Бірінші тур болғандықтан әлбетте қиындықтар мен кемшіл тұстарымыз бар. Әлі де тыңғылықты дайындық керек. Бүгін біз мінездің арқасында жеңіске жеттік. Бұл біз үшін маңызды 3 ұпай. Жігіттерге алғыс білдіремін, олар соңына дейін күресті.
Айта кетейік, енді “Qyzyljar” футбол клубы кезекті ойынын 16-шы наурыз күні қонақта “Ulytau” командасына қарсы өткізбек.
Ұлан Ыдырыс
