Облысқа жұмыс сапарымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев келді. Ол Оқушылар сарайында облыс жұртшылығымен, мәслихат депутаттарымен және этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесті. Алқалы жиынға “Жаңа Конституция – ұзақ мерзімді дамудың берік негізі” тақырыбы арқау болды. Отырыс шымылдығын ашқан Мәулен Сағатханұлы теріскейдегі атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталды.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
— Еліміз үшін Солтүстік Қазақстан облысының орны бөлек. Бұл – тамыры терең тарихқа, тағылымы мол мәдениетке ие қастерлі мекен. Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы ел дамуының маңызды кезеңіне аяқ басамыз.
Аты айтып тұрғандай шарада қабылданатын Ата заңымыз жан-жақты талқыланды, ой-пікірлер ортаға салынды. Мәулен Сағатханұлының сөзінше, жаңа Конституцияның басты мақсаты – әділетті мемлекет, тиімді экономика және жауапты басқару жүйесін қалыптастыру.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
— Ата заңымыз арқылы ұлттық мүдде мен жасампаз отаншылдық негіздері нығайа түспек. Бірлік пен келісімді көздейтін нақты нормалар да бар.
6 мыңнан астам студентке тәлім беріп отырған Қозыбаев университетінің ұжымы қабылданатын Ата заңды қолдайды. Алда өтетін референдумға тыңғылықты дайындық үстінде. Білім ордасының басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова шара барысында университетке мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі:
— Университетте еліміздің 19 өңірінен келген жастар білім алады. Инклюзивті білімге ерекше көңіл бөлудеміз. Соңғы жылдары білім ордасында ғылым саласына бөлінетін қаржы 3 есеге артты.
Еліміздің өткені және бүгінімен жақсы таныс Тілек Әбдірахманов 1995 жылғы Конституция өзгерістерді қажет етеді деп есептейді. Тыл ардагерінің сөзінше, қазіргі Ата заң моральдық тұрғыда ескірген.
ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, тыл ардагері, СҚО құрметті азаматы:
— Уақыт бір орында тұрмайды. Өзгерістердің орын алуы қалыпты дүние. Жаңа Конституцияның ықпалымен елімізде оң өзгерістер орын алатынына сенемін.
Алқалы жиынның соңында Сенат төрағасы солтүстікқазақстандықтарды жалпыхалықтық референдумға біркісідей қатысуға шақырды.
Нұрасыл Ахмет
