Sailau banner

Білім

Петропавлда “Қауіпсіздік мектебі” акциясы бастау алды

Петропавлда “Қауіпсіздік мектебі” акциясы бастау алды. Шара бастауыш сынып оқушыларына арналған. Оның аясында құқық қорғау органдарының өкілдері мен төтеншеліктер балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Профилактикалық кездесудің жеткіншектердің арасында өткізілуі тегіннен тегін емес.

ДИАС ӘШІРОВ, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:

— Жыл басынан өрттен және жол-көлік оқиғаларының салдарынан 5 бала қаза тапты. Жеткіншектер зардап шеккен қылмыстардың саны артуда. Бір жылдың ішінде прокурорлар 1500-ден астам кәмелетке толмаған баланың құқығын қорғады.

Әлі оңы мен солын білмейтін жеткіншектерге құр баяндама оқу арқылы көп дүниені түсіндіре алмайсың. Сондықтан ұйымдастырушылар профилактикалық шараны ерекше форматта өткізді. Облыстық қуыршақ театрының әртістерін шақырып, қызықты қойылым арқылы қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.

Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпеу, бағдаршамның түсіне жіті қарау, түнде смартфонды қуаттамау және кез келген жағдайда асығыстық танытпау. Мамандар осы сияқты қарапайым ережелерді оқушыларға түсіндірді. Тағылымы мол шараның жеткіншектерге тигізер пайдасы мол.

ЖӘНЕЛ СӘРСЕКЕЙ, №28 жалпы білім беретін мектептің оқушысы:

— Маған қойылымдар қатты ұнады. Өрт қауіпсіздігі ережелері туралы мол мағлұмат алдым. Бағдаршамда қызыл және сары түс жанып тұрған сәтте жүруге болмайтынын ұғындым.

Шара жыл бойы жалғасын таппақ. Басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Нұрасыл Ахмет