Петропавлда әйелдер арасында кекушинкай каратедан халықаралық турнир өтті. Оған Ресейден және еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам нәзікжанды жиылды.
ТӘЖІМҰРАТ НАЙЗАБЕКОВ, “Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы” РҚБ президенті:
— Президенттің гендерлік саясат деп айтқаны бар. Әйелдер спортпен айналысуы қажет. Алдағы уақытта бұл жарысымыз одан әрі де жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз.
Бәсі биік сайысқа 6 жастан 50 жасқа дейінгі спортшылар қатыса алды. Інжу Мұхаметжанова Қарағанды облысының намысын қорғайды. Бұрымдының татамиде күш сынасып жүргеніне 5 жылдан асқан. Каратеші өзіне сенімді, жеңіске жетемін деген мақсатпен келген.
ІНЖУ МҰХАМЕТЖАНОВА, турнирге қатысушы, Қарағанды қаласы:
— Көңіл-күй жақсы. Бүгін жеңіске жетемін деген ойдамын. Ең бастысы – адамның өз-өзіне деген сенімділігі және ақылмен жұмыс істеуі. Мен біршама жарыста жүлделі орындарға ие болдым. Азия чемпионатында 3-ші орын алғанмын.
Жарыс соңында қатысушылар марапатталып қана қоймайды. Үздік атанғандары алдағы уақытта Ақтау қаласында өтетін ел чемпинатына қатысу мүмкіндігін иеленеді.
