Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен жандар! Ақиық ақындар, қаламы қарымды жазушылардың арасында қоғамның қызғалдақтары жайлы ой толғамаған дарындар кемде-кем. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық әйелдер қауымын Халықаралық мерекемен құттықтады. Облыс әкімі нәзікжандылардың қоғамдағы рөліне тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қайырлы күн, құрметті асыл әжелер, ардақты аналар, аяулы ханымдар! Сіздерді солтүстікқазақстандық ер азаматтардың атынан көктемнің шуақты күнімен құттықтаймын.
Кезек мемлекеттік наградаларды табыстауға келді. Ең бірінші болып сахна төріне Рауза Қашенова көтерілді. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Астанадан жолданған “Құрмет” орденімен марапатталып отыр.
РАУЗА ҚАШЕНОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:
— Мен біраз оқушы тәрбилеп үлгердім. Олардың барлығы елімізде, шетелде өнер көрсетіп жүр. Осы өнер саласында жүргеніме 40 жыл болды. Көпжылғы еңбек ақталып жатыр, “Құрмет” орденімен марапатталып отырмын өте қуаныштымын.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында алтын құрсақ аналар құрметке бөленді. Солардың бірі – Гауһар Абдуллаева. Нәзікжанды М.Жұмабаев ауданының орталығында тұрады. Жолдасымен шаңырақ көтергеніне 17 жыл болған. Осы уақыт ішінде 7 баланы өмірге әкелген. Бүгінде ұл-қыздары мектепте оқиды.
ГАУҺАР АБДУЛЛАЕВА, “Алтын алқа” иегері:
— Түрікменстан Республикасынан көшіп келдім, екі жыл болды. Өте қуаныштымын. 7 бала өсіріп отырмын.
Айта кетейік, қазіргі күні өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің 64%-ы – әйел адамдар. Ал облыстық мәслихатта 54 нәзікжанды депутат елге қызмет етуде. Сонымен қатар, теріскейде 6 мыңнан астам ару өзінің кәсібін өрге домалатып отыр.
Ұлан Ыдырыс
