Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл екінші жылу электр орталығында болды. Мұнда “Севказэнерго” АҚ ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Аға буын өкілдері жақсы біледі, еліміз талай қиындықты бастан өткерді. Жаңа Конституция әрмен қарай дамуға зор үлесін қосады. Қабылданатын Ата заңда халықтың қауіпсіз жағдайда жұмыс істеп, әділ жалақы алуына баса мән берілген. Бұл мемлекеттің еңбек адамдары алдындағы жауапкершілігін арттырады. Алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда “Севказэнерго” АҚ-да 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар 160 мыңнан астам тұтынушыны жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Облыс әкімі ұжымды 15-ші наурыз күні өтетін жалпыхалықтық референдумға біркісідей қатысуға шақырды. Себебі, әр қазақстандықтың дауысы аса маңызды саналады. Аяулым Мақанованың кәсіпорында еңбек етіп жүргеніне жарты жылдай болыпты. Нәзікжанды жаңа Конституцияда отбасы құндылықтарына ерекше мән берілгеніне дән риза.
АЯУЛЫМ МАҚАНОВА, “Севказэнерго” АҚ инженері:
— “Отанды сүю – отбасыдан басталады”. Жаңа Қазақстан – саналы ұрпақтың қолында. 15-ші наурызда біз өзіміз үшін ғана емес, ел болашағы үшін де дауыс береміз.
Облыс әкімі мазмұнды кездесудің соңында кәсіпорында еңбек ететін нәзікжандыларды мерекелерімен құттықтады.
Нұрасыл Ахмет
