Sailau banner

СҚО әкімдігі

Қала әкімі әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Халықаралық әйелдер күніне орай қалалық әкімдікте де мерекелік шара өтті. Басқосуға әр істің басын қайырған, жілігін шағып, майын ішкен нәзікжандылар шақыртылған. Оларды төл мейрамдарымен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев құттықтады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Қымбатты әйелдер қауымы! Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер отбасының ұйытқысы саналасыздар. Қаламыздың дамуына да зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке, бірлік пен амандық тілеймін.

Атаулы датада мереке иелерін құттықтау – игі дәстүр. Құттықтау сөзден кейін Серік Мұхамедиев бір топ нәзікжандыға түрлі деңгейдегі марапаттарды табыстады. Алғаш болып құрметке бөленгендердің арасында Раушан Әдірақова да бар. Қазіргі таңда ол 7 бала тәрбиелеп отыр. Бүгін оған Мемлекет басшысының үкімімен “Алтын алқа” төсбелгісі табысталды.

РАУШАН ӘДІРАҚОВА, көпбалалы ана:

— Тұңғышым – 19 жаста. Кенже қызым биыл 1 жасқа толды. Жолдасым екеуміз де ұстазбыз. Балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз.

Мерекелік шарадан Фарида Тасымова да құр қол қайтпады. Зейнеткер 40 жылға жуық мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Нәзікжанды бүгін қала әкімінің “Алғыс хатымен” марапатталды.

ФАРИДА ТАСЫМОВА, зейнеткер:

— Халықпен тығыз қарым-қатынаста болдым. Түрлі адамдармен жұмыс істедім. Әрине, оңай емес. Мемлекеттік қызмет асқан ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Бірақ, өмірімді осы жолға арнағаныма еш өкінбеймін. Барша әйелдер қауымын мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Айта кету керек, шарада барлығы 25 адам құрметке бөленді.

Нұрасыл Ахмет