Sailau banner

СҚО әкімдігі

Алдыңғы толқын өкілдері шаттыққа бөленді

Алдыңғы толқын өкілдері шаттыққа бөленді! Облыс орталығындағы “Секрет долголетия” қоғамдық бірлестігі дәстүрлі халықаралық мейрамға орай кеш ұйымдастырды. Аталған ұйым жергілікті 200-ден астам зейнеткерді біріктіреді. Дарынды қарттарымыз өнер көрсеткен мерекелік концертке бірсыпыра адам келді. Достық үйінің акт залында ине шаншарлық жер болмады. Бойды елітетін әндер шырқалды, көңілді билер ұсынылды және сахналық көрініс қойылды. Арнайы келген көрермен шуақты көктемдегі мерекені сезініп, марқайып қалды.

ТАТЬЯНА ВЕРБИЦКАЯ, “Секрет долголетия” ҚБ жетекшісі:

— Концертті өзіміздің күшімізбен ұйымдастырып отырмыз. Әншілеріміз, бишілеріміз және театр үйірмесіне мүшелік ететін өнерпаздарымыз бар. Біраз дайындалдық. Кеш тамаша өтіп жатыр. Сонымен қатар, шараға суретшілеріміз бен қолөнер шеберлеріміз қатысты. Олар кіреберіске өздерінің жұмыстарын қойды. Туындылар жоғары бағаға лайықты. Бірлестік мүшелері бізге алғыстарын жаудыруда. Мерекеміз құтты болсын!