Ғабит Мүсірепов өз шығармаларында нәзікжандылар қауымына ерекше құрмет көрсетеді. Оған мысал – “Ұлпан” романы. Жазушының шоқтығы биік туындысындағы басты кейіпкер жай ғана отбасы тірегі емес, ол – ел тағдырына әсер ететін қайраткер, дана әрі парасатты тұлға. Аталмыш еңбекті бүгінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында дөңгелек үстел жиыны өтті. Оған өңірдегі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты. Кездесу Халықаралық әйелдер күніне арналды.
ҚАБДОЛЛА БЕЙІСХАН, ақын:
— Бұл жерде неге ұлт анасы – Ұлпан деген сұрақ туындауы мүмкін. Жалпы, Ғабит Мүсірепов – аналар тақырыбында ең көп қалам тербеген жазушы. Ол кісінің шығармасын оқығанда қайран қаласың.
Бүгінгі іс-шараға Мағжан Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж студенттері щақырылған. Солардың бірі – Назерке Тұрысбекова. 1-курс студенті қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша білім алады. Айтуынша, ол бұған дейін “Ұлпан” романын оқып, басты кейіпкердің өмір жолымен танысқан. Дегенмен, бүгінгі дөңгелек үстелден мол дерекке қаныққан. .
НАЗЕРКЕ ТҰРЫСБЕКОВА, студент:
— Біз қазір 1-курста Ғабит Мүсіреповтың “Ұлпан” шығармасын өтіп жатырмыз. Оны мектеп қабырғасында да өткен болатынбыз.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы музей өкілдері онлайн байланысқа шықты. Олар жазушының жеке заттарын, шығармашылығына қатысты материалдарды көрермен назарына ұсынды.
Ұлан Ыдырыс
