Sailau banner

Қоғам

СҚО орман шаруашылықтарына 51 су жаңа трактордың кілті табысталды

Өңір орманшыларына су жаңа 51 трактордың кілті табысталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Ол орман саласының маңыздылығына және орманшылардың еңбегін ерекше атап өтті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Өңірдегі орман қорының жалпы аумағы 6888 мың гектарды құрайды. Орман ресурстарын сақтау және көбейту мақсатында облыста 12 орман шаруашылығы жұмыс істейді.

Жаңа тракторлар облыстың әр ауданындағы орман шаруашылықтарына бөлініп берілді. Мамандардың айтуынша, заманауи техниканың көмегімен орман алқаптарын күтіп ұстау жұмыстары әлдеқайда жеңілдеп, өнімділік артады. Әсіресе орман ішіндегі жолдарды тазалау, жер жыртуға, ағаш отырғызу және өртке қарсы жолақтар жасау жұмыстары жылдам әрі тиімді атқарылады.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

— Лизинг бойынша 107 техника алынуы қажет. Соның 51-і бүгін беріліп отыр. Оның алдында 27-сі тапсырылған еді. Мамыр айында тағы өрт сөндіру көліктері келеді.

Алтынбек Өтебаев Айыртау ауданындағы “Борлық” орман шаруашылығында қызмет етеді. Білікті маманның осы салада еңбек етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Айтуынша, жаңа техника 22 мың гектер жердегі жасыл байлықтың күтімін жіті назарда ұстауға ықпал етеді.

АЛТЫНБЕК ӨТЕБАЕВ, “Борлық” орман шауашылығы директорының орынбасары, Айыртау ауданы:

— Орман шаруашылығымыз 3 орманшылыққа бөлінген. Қазіргі таңда онда 32 маман жұмыс істеуде. Қызметкерлер жеткілікті, ынталары жоғары. Біздің міндетіміз – орманды күзету, рұқсатсыз ешкімге кестірмеу, өрттен сақтау, жыл сайын ағаш егіп, оны баптау. Бізге 5 технкиа берілді. Бұл – қосымша күш.

Қоса кетейік, облыста орман шаруашылығы саласында 700-ден астам маман жұмыс істейді.

Мәдина Қаби